+7 7064217521
Бізге қоңырау шалыңыз
0

TARTU тарихы

Орта жасымда тамақ әзірлеуге әуестене бастадым. Жасың ұлғайған сайын ата-баба дәстүріне, тарихына ықыласың ауады екен. Көшпелілердің тұрмыс-тіршілігіне ынтам оянды. Бірде Моңғолия елінде жүргенде қақталған қой етінен жасалған кеспе көже берді. Дәмі қатты ұнады. Қай қазақ қой етін ұнатпайды?

Бақытжан Жұмаділов
Кәсіпкер және TARTU авторы

2015 жылы алғаш рет бір кесек етті интернеттен қарап қақтап көрдім. Бірақ алғашқы қақтау әдістерім шикі, жетілмеген болып шықты. Дұрыс рецебін табу үшін талай машаққаттандым. Әрекеттерім жемісін бере бастады. Өзім үйімде қақтаған қой санының дәмін татқан достарым оған жақсы баға берді. Көптің көңілінен шыққандай болды. Жақын таныстарым қақталған етке тапсырыс берген сайын, хоббиімді кәсіпке айналдыруға шабыт пайда болды, – дейді кәсіпкер.

2020 жылы бизнес серіктестеріммен таныстым. Олар жаппай өндірісті жолға қоюға барынша көмектесті және ет өндірудің тәжірибелі технологын тауып беруге, дұрыс қақтаудың әдісіне қол жеткізуге керемет мүмкіндік берді. Мен ол адамдарға күні-бүгінге дейін ризамын.

Қақталған қой саны – жеуге дайын ет. Оны пісірудің қажеті жоқ. Қой санын қақтау өндірісі 6 айдан басталады: жіліктеу, өңдеу, тұздау, ашыту, ары қарай сақтау температурасын, ылғалдылығын, кептіруін үнемі реттеп отыру — бүкіл өндіріс процесі бірнеше кезеңнен тұрады.

Жеңсік астың сапасы мен дәміне температура, ылғалдылық, ауа айналымының сәл ауытқуы әсер етеді. Заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен біз көшпелі халықтың — сақтау мерзімі ұзақ, бірегей, сонымен қатар қарапайым, орташа тұзды, консервантсыз дәмін әзірледік. Қақталған қой санының ақуызы көп және майы аз екенін айрықша атап өтсек. Яғни диеталық жеңсік тағамдардың қатарына кіреді.

Қазір цехтың өнімділігі айына 1500 қақталған қой санын шығарады, бұл 3000 келіге тең. Сондай-ақ өндірісті одан әрі ұлғайту жоспарымызда бар. Сонымен қатар TARTU өнімі талап етілген ережелерге сәйкес патенттелген.

Кейбіреулер TARTU-ды испандық хамонға теңейді. Бұл мүлдем қате пікір. Қазақ халқы жылдың төрт мезгілінде етсіз отырмаған және ет сақтаудың бірнеше түрін білген! Етті жыл он екі бойы сақтай білген және бірнеше әдіс-тәсіл ойластырған. Ет қақтаумен бірге, кептіріп те, түтіндеп те, тұздап да сақтаған. Солтүстік аймақтағы қазақтар етті сүрлеу үшін ыстау әдісін, оңтүстік, батыс өңірде етті ыстамай, тұздап қақтауды әдетке айналдырған. Қақтаудың бір түрі – етті күн көзіне тигізбей, салқын жерде кептіру. Қақталған ет үсімейді, борсымайды, дәмді болады!

Біз ұзақ уақыт мұқият дайындалған жеңсік асымызды тұтынушыға абыроймен ұсынамыз. «Тарту» өнімі әдемі қорапта, крафт қағазға мұқият оралған. Қой санына TARTU таңбасы басылған. Сүргіш мөрі бар. Әр санда бір тілім былғарыда сериялық нөмірі белгіленген. Өйткені бұл жекедара өнім. Және де қораптың ішінде сапалы ағаштан жасалған тіреуіш-қойғыш – TARTULYQ жинастырылып тұр.

Бүгінде компаниямыз ысталған қой санын және ет деликатестерінің басқа да түрлерін шығарады: қақталған жылқы еті, қақталған сиыр еті, шикілей қақталған қазы, түтінмен ысталған құйрық май мен жал. «Эксклюзивке» әуесқойлар үшін жеуге жарамды 24 қаратты жапырақша алтынмен қапталған АЛТЫН қой саны да бар.